wrapper

Жаңалық

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының дамуы жөнінде жиын өткізді. Жиын барысында 2019-2020 жылдарға арналған Түркістан қаласын дамытудың кешенді жоспары мен дамуын және Түркістан аймағын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазіргі таңда Түркістанда тұрғын үй құрылысы жобаларын іске асыру мен көлік инфрақұрылымын дамыту, сумен жабдықтау және санитария, энергетика, газ және жылумен қамтамасыз ету және т.б. жұмыстарға республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінуде. Тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін 2 300 пәтерден асатын 52 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 үйді ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде 1200 жанұя жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Оның 270-і аз қамтылған отбасыларға ұсынылмақ. Одан бөлек, әкімшілік - іскерлік орталыққа су магистралін тарту жұмыстары жүргізілуде. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін Түркістан облысының жергілікті желісінде жолдарды күрделі және орташа жөндеу үшін 23 жоба жүзеге асырылатын болады. Биылғы жылы 1000 км-ден астам жолды жөндеу көзделіп отыр. 2019-2024 жылдары Түркістан қаласында энергетика, газ және жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту бойынша сегіз жоба жүзеге асырылады. Яғни, «Ясы», «Солтүстік», «Орталық» қосалқы станциялары мен газ желілерін салу және Кентау қаласындағы жылу-энергетикалық орталықты қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Облысты газдандыру жұмыстары аясында жыл соңына дейін қала бойынша 31,1 шақырым магистральдық газ құбыры, сондай-ақ Отырар, Шафгар, Яссы және Бекзат тұрғын аудандарында 193 шақырым газ тарату желілері құрылатын болады. 2020 жылға қарай газдандыру деңгейі 100 пайызға жетеді. Түркістан қаласын мәдени-рухани, жоғары дамыған туристік орталыққа айналдыру үшін тарихи нысандарды қалпына келтіру және жетілдіруге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Халықаралық сарапшылар тобымен бірге Қ.А.Ясауи кесенесінің әлемдік маңыздылығын ескере отырып, оның көрнекілік келбетін жақсарту үшін бекіністік қабырғасын қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынбақ. Жиын соңында ҚР Премьер-Министрі А.Мамин құрылыс жұмыстарын қарқындатуды және шаруаны жоспар бойынша атқаруды тапсырды. «Елбасы Түркістан қаласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Үкімет тарапынан барлық қаржы және басқа да мәселелер шешілген», - деді Асқар Мамин. 

 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылап, биыл 23 наурызда өңірге жұмыс сапары аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды ескере отырып, қала құрылысын жалғастырудың кешенді мәселелерін қарады.

Үкімет басшысы қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігі, басқармалар мен департаменттер ғимараттары, Медиа орталық, Конгресс-холл салынатын құрылыс алаңдарында болды. Қала құрылысының басым бағыты — әлеуметтік маңыздағы нысандарды: стадион, Оқушылар сарайын, Халыққа қызмет көрсету орталығын салу. Музыка мектебін, бассейні бар спорт сарайын, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана салу жобалары дайындық сатысында тұр. Халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында өңірді абаттандыру нысандарын дайындау жұмыстары жүргізілуде, олар: Тұңғыш Президент паркі, аттракциондары бар қала саябағы, музыкалық фонтан, амфитеатр, арбат. Барлық құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр және белгіленген мерзімде аяқталады.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жұмыс сапары аясында облыс орталығының кіру қақпаларымен қаланы байланыстыратын Б. Саттарханов даңғылының учаскесін тексерді, оны реконструкциялау жұмыстары жүргін бөлікті 18 метрге дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. ҚР Үкіметінің басшысы Түркістан қаласының маңында «жасыл белдеу» құру, ирригациялық жүйені дамыту бойынша жұмыстарды тексерді. «Арыс – Түркістан» каналының реконструкциясының және «Машинный» каналы құрылысының жоспары қаралды. Жобаларды іске асыру суаратын су тапшылығы мәселесін толық шешіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жыл сайынғы көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақ аумағын кеңейту және «TURKISTAN» АЭА іске қосу жобалары таныстырылды. Инфрақұрылымды жолға қою жеке инвестициялар ағымын тартуға мүмкіндік береді деп болжанған.

Қаланың тарихи-мәдени бөлігін дамытуға ерекше назар аударылды. ҚР Премьер-Министрі Қ. А. Яссауи музейінің, Туристік визит-орталықтың, тарихи сәулет формасындағы Шығыс моншасының құрылысы жүріп жатқан жерлерді аралады. Өңір әкімдігі «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру және қалашықтың тарихи нысандарын реставрациялау жұмыстарының жоспарымен таныстырды.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан қаласының 2019–2020 жылдарға арналған кешенді құрылыс және дамыту жоспарын іске асыру мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. 

Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев құрылыс, тарихи- мәдени нысандарды реконструкциялау, тұрғын үй мәселелерін шешу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, жолдардың сапасын арттыру, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын, арнайы экономикалық аймақты дамыту қарқындары туралы баяндады.

Осы жылдың соңына дейін Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 52 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл — 2300-ден астам пәтер, олардың ішінде 1200 отбасы, соның ішінде 270 аз қамтылған көп балалы отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанамен қамтамасыз етіледі. Ұзындығы 82,5 шақырым болатын 69 көшені жөндеу, ұзындығы 42,2 шақырымдық 47 көшені абаттандыру, сондай-ақ ұзындығы 12,8 шақырым болатын велосипед жолын салу жұмыстары басталды. Өңірді газдандыру үшін 31,1 км магистральдық газ құбыры салынады, 2020 жылға қарай қаланы табиғи газға 100% қосу көзделген. Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстарына 400-ден астам техника жұмылдырылып, 3500 адам жұмысқа тартылған. Жазғы кезеңде қосымша 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар.

Түркістан қаласының аумағындағы жекелеген нысандардың әлемдік маңызын ескере отырып, кеңеске халықаралық сарапшылар тобының мүшелері: Дүниежүзілік мұра объектілерін сақтаудың жай-күйін бағалау бойынша Ескерткіштер мен объектілер жөніндегі халықаралық кеңестің (ICOMOS) аға сарапшысы, профессор Михаэль Янсен (Германия), CIPA мұра құжаттары жөніндегі ғылыми комитетінің ICOMOS сарапшысы, доктор Она Вилейкис Тамайо (Канада) қатысты. ҚР мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы сарапшылармен бірлесіп, Қ. А. Яссауи ескерткішінің жағдайы, бекініс қабырғасын қайта қалпына келтіру және реставрациялау жұмыстарының Кесененің көрнекі қабылдануына әсері зерделеніп жатқанын мәлімдеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев Түркістан қаласының көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, энергиямен, газбен және жылумен қамту желілерін дамыту туралы баяндады. Түркістан қаласындағы нысандарды жүзеге асыруға жауапты Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларының есептері тыңдалды.

«Күшейтілген жұмыс режимін енгіземіз», — деп Үкімет басшысы, «екі апта ішінде құрылыс жұмыстарын тәулік бойғы режимге көшіруді» тапсырды.

Нысандарды уақытылы пайдалануға беру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаланың түркі дүниесінің аса дамыған мәдени-рухани және туристік орталығы ретінде қалыптасуына жол ашады.

Түркістан облысындағы облыстық маңызы бар жолдарда шамадан тыс жүк артқан және ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысын шектеуге қатысты рейдтік шаралар басталды. Шараның мақсаты – автомобиль жолдарының сапасы мен  жол қауіпсіздігін сақтау.

Облыс әкімдігімен бекітілген іс-шараға сәйкес, шараға облыстық полиция департаменті, транспорттық прокуратура, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инпекциясы және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды.

Қазығұрт ауданындағы біркүндік рейдттік тексеру нәтижесінде 5 хаттама толтырылып, заңды бұзған жүргізушлерге айыппұл салынды. Аталған рейдтік шара облыстық жолдарда жалғасатын болады.

Түркістанда Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі және Түркістан облысының әкімдігінің қолдауымен энергиялық тұрғыдан энергия тиімділігін арттыру және  жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) мәселелеріне арналған бірқатар іс-шаралар өтті.

Ең алдымен жергілікті журналистерге арналған медиа сауаттылық пен цифрлік журналистика тақырыптарына, сонымен бірге, энергия   тиімділілігін арттыру,  ЖЭК мәселелерін баяндауға қатысты жұмыстың ерекшеліктеріне арналған медиа-тренинг ұйымдастырылды.

Медиа-тренингтің  мақсаты – Қазақстан Республикасындағы энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру және ЖЭК мәселелері бойынша БАҚ өкілдерінің хабардарлығын арттыру. Медиа-тренинг барысында Қазақстандағы БҰҰДБ іс-әрекеті, әрі «жасыл экономиканы»  дамыту, климат өзгеруі, энергетикалық тұрғыдан тиімді технологияларды қолдану, сонымен қатар, ЖЭК саласындағы жобаларды  іске асыру тәжірибелері  жайлы кең көлемді  мәлімет алды.  Ең басты аудитория – теледидар арналарының, баспа және онлайн басылымдарының журналистері мен блогерлер.  

Бұдан басқа,  «Жасыл экономикаға» өтудің аса маңызды бағыттары ретінде қала шаруашылығында энергия тиімділігін арттыру және   жаңартылатын энергия көздері нысандарын енгізу»  тақырыбында  семинар-конференция өтті. 

Конференцияның мақсаты – қаланың коммуналдық шаруашылық саласында    энергия үнемдеу технологияларын, әрі жаңартылатын энергия көздерін ендіруге көшуіне арналған нақты қадамдарды және ұйымдастырушылық қаржылық құралдарды көрсету.   

Шара барысында іске асырылған, әрі жоспарланып жатқан энергия тиімді жобалардың нәтижелері таныстырылды. Сондай-ақ, сарапшы-мамандар ықтимал бөгеттер мен оларды еңсеру жолдарын талқылап,  энергия үнемдейтін технологияларды жаппай ендіруге арналған іс-әрекеттер жоспарын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болды.     

Семинарға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту, энергетика министрлігі,  БҰҰДБ сарапшы-мамандары, аудан, қала әкімдіктері мамандары, коммуналдық кәсіпорындар, басқарушы компаниялардың өкілдері,   жергілікті инжинирингтік компаниялар, энергетикалық тұрғыдан тиімді технологияларды өндірушілер, қоғамдық ұйымдар және қаржылық мекемелері қатысты.

Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың халық алдында атқарған қызметін, еліміздің жеткен жетістіктерін көпшілікке кеңінен насихаттау мақсатында «Елбасы және Қазақстан» атты көрме өтті. Онда Елбасыға арналған 150-ден астам кітаптар мен 200-ден астам естелік мағлұматтар жиынтығы қойылды.

 

Іс-шараны ашқан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек көрменің мақсатын кең көлемде айтып өтсе, Елбасымен Теміртауда бірге оқыған курстасы Әсетулла Каримов пен жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы елді дамудың даңғыл жолына бастаған Елбасының ұлы істеріне тоқталды. 

 

Көрмеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолы, халық алдында атқарған қызметтері мен еліміздің жетістіктері кең көлемде қамтылған. Олардың ішінде Елбасыға арналған кітаптар, қызметі туралы құжаттар, фотоматериалдар және жеке қолданған заттары бар.

 

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, студенттер, мәдениет, білім салаларының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

 

Өнерпаз жастар Елбасына арналған әндерді орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Түркістан қаласында «WorldSkills TURKESTAN – 2019» облыстық чемпионаты басталды. Жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға 47 колледжден 233 студент қатысуда. Аталған байқаудың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Чемпионаттың басты мақсаты – жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және дәріптеу, кәсіптік білім берудегі техникалық, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылардың тәжірибелік дайындығы, кәсіптік біліктілігі, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениеті, заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілігін сынау. Біздің жастарымыз бос қиялмен өмір сүрмеуі қажет, керісінше, техникалық мамандықтарды игеріп, ел экономикасын көтеруге үлес қосулары керек. Жастық шақта жалындап, білім алып, түрлі додаларға түсіп шыңдалған жөн. Өйткені сіздер – қоғамның қозғаушы күшісіздер. Бүгінгі сайыста нағыз білімділер жеңіске жетіп, елдің дамуына үлес қоса берсін!», – деді облыс әкімінің орынбасары Мәлік Нұржанұлы.

Шара барысында колледж студенттері инновациялық және шығармашылық жобалар көрмесін ұйымдастырды. Облыстық чемпионат техникалық, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, тамақтандыруды ұйымдастыру салаларына қатысты 33 сала бойынша өткізіледі.

Облыстық чемпионаттың жеңімпаздары 25 сәуір күні анықталатын болады. Техникалық және кәсіптік білім мекемелері студенттерінің арасында өткізілетін жарыстың жеңімпаздарына облыстық білім басқармасының І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары мен бағалы сыйлықтар тапсырылады. Чемпионаттың І дәрежелі диплом иегері «WorldSkills KAZAKHSTAN – 2019» ұлттық чемпионатына жолдама алады.

Айта кетейік, WorldSkills – әлемнің 82 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс. Өңіріміз аталған Чемпионатқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді. 2018 жылы Астана қаласында өткізілген «WorldSkills Kazakhstan – 2018» Ұлттық чемпионатына Түркістан облысының атынан 9 студент жіберіліп, оның 7-і жүлделі орындарға, яғни 2 алтын, 3 күміс, 1 қола, 1 ерекше медальонға ие болды. Алтын медаль иегерлері ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланып отырған «WORLDSKILLS KAZAN – 2019» Халықаралық чемпионатына қатысады.

Бүгін республикалық деңгейдегі «Nomad explorer» экспедициясы Түркістан облысына келді. «Оңтүстік аңыздары» деген тақырыппен өтіп жатқан туристік экспедицияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық саяхатшы қатысып жатыр. 

 

Алдымен Жамбыл облысының киелі орындарын аралаған саяхатшылар Түркістан облысының да табиғаты мен шежірелі тарихымен танысты.

 

Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгіріне келген қонақтар мұндағы ерекше көрініске сүйсінді. Ғалымдардың зерттеуінше, Ақмешіт үңгіріндегі ауа адамның жүйкесін тыныштандырып, қан қысымын жақсартады. Бойдағы жағымсыз энергияны тартып алады. Белгілі спорт жанашыры, «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев экспедицияға осы үңгірді көру үшін арнайы келгенін айтты. «Керемет әсер алдым», – дейді ол. Ал танымал режиссер Ақан Сатаев Түркістан облысында фильм түсіруге сұранып тұрған орындар өте көп екенін, болашақта осы бағытта жұмыс істеуге қарсы емес екенін сөз етті. Өлкетанушы, «Оңтүстік аңыздары» бағытының авторы Ерлан Сыздықтың айтуынша, саяхатшылардың алған әсерлері керемет. Оларды өлкенің табиғаты мен аңыздары қатты қызықтырған. Егер сұраныс болса, осы бағыт бойынша туристік бағыт жалғасады. Осы арқылы Түркістан облысының туризмі дамиды. 4 автобус пен 60-тан астам жеңіл көлікке мінген саяхатшылар табиғат аясында тамақтанып, нағыз көшпенділерге тән өмірді сезінді.

 

Бұған дейін республика көлемінде 3 экспедиция өтсе, ауқымы және қатысушылар саны жағынан ең үлкені – осы «Оңтүстік аңыздары».  

 

Ақмешіт үңгіріне аялдаған соң саяхатшылар Домалақ ана кесенесіне зиярат жасады. Сондай-ақ Шаяндағы Аппақ Ишан мешітіне де атбасын бұрып, тарихымен танысты.

 

Марғұлан Сейсенбаевтың бастамасымен құрылған экспедиция құрамында елге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, журналистер, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар және өзге де сала өкілдері бар. Саяхатшылар Түркістан облысында туризм саласының болашағы зор екенін жеткізді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында да осы салаға мән берілген. Республика бойынша киелі және туристік орындар саны бойынша да Түркістан облысы алдыңғы қатарда.

 

Шежіре мен аңызға толы өңірге қадам басқан экспедиция мүшелері ертең облыстағы өзге де киелі орындарды аралайды.

Ағымдағы жылы Түркістан облысында жалпы ұзындығы 968 шақырым жол мен 5 көпірдің құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде, 2018 жылдан 21 нысан (435,6 шқ. жол) өтпелі болса, 2019 жылы жаңадан басталатын 30 нысанға (532,4 шқ. жол, 5 көпір) тиісті қаржы қаралған.

 

Түркістан қаласы облысы орталығы мәртебесін алғаннан бастап, аудан қалаларды облыс орталығына жалғайтын негізгі жолдардың жағдайына баса назар аударылуда.

 

Бұл ретте, облыстың оңтүстік бағытындағы Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Арыс, Ордабасы аудандарында 81,1 шақырымды құрайтын 4 жолға күрделі, ұзындығы 223,9 шақырымдық 6 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

 

Шығыс бағыттағы Төлеби, Сайрам, Түлкібас аудандарында 23 шақырымды құрайтын 3 жолды қайта құру, 64,5 шақырымдық 4 жолды күрделі, 56,2 шақырымдық 5 жолды орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде.

 

Одан бөлек, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары аумағынан өткен 67,1 шақырымдық 3 жолда күрделі, 124,5 шақырымдық 7 жолда орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен ерте басталып отыр.

 

Сондай-ақ, Түркістан қаласына жақын орналасқан Бәйдібек, Отырар, Созақ аудандары мен Кентау қаласында 92,2 шақырымды құрайтын 4 жолға күрделі, 234,8 шақырымды құрайтын 6 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүруде. 

 

Айта кетерлігі, 2019 жылдың қорытындысымен жалпы Түркістан облысы бойынша 584,4 шақырымды құрайтын 24 жол және 5 көпірді пайдалануға беру жоспарланған.

 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жүктелген ауқымды жұмыс көлемін сапалы және мерзімінде орындау мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстарға жауапты техникалық, авторлық қадағалаушы және мердігер мекемелермен тұрақты жиналыстар өткізілуде. Нысанда орын алуы мүмкін қиындықтар алдын ала талқыланып, шешу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Әр нысанға бекітілген жұмыс-өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға қойылып, нысандарды аралау-тексеру іс-шарасы қолға алынған.

Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға 90 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі тарапынан республика бойынша жалпы 1753 перспективті елді мекеннің тізбесі анықталып, оның ішінде Түркістан облысынан 159 елді мекен еніп отыр. Бұл туралы Түркістан қаласында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХVIII конференциясында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

 

«Nur Otan» партиясы ұйымдастырған конференцияға Партия төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов пен облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев пен мәслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымдары мен «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Жиын барысында Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың партияның кезекті XVIII Съезінде берген тапсырмаларын – «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын іске асыру барысы мен «Нұр Отан» партиясының кезекті ХІХ Съезіне делегаттарын сайлау туралы мәселелер қаралды.

 

Баяндама барысында облыс әкімнің орынбасары Ербол Садыр Партия съезінде ұсынылған «Бақытты отбасын» жүзеге асыру туралы міндет жүктелгенін айтып. Осы бағытта «Nur Otan» партииясының облыстық филиалалымен бірлесіп, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету шараларын жандандыру керектігін айтты.

 

 «Партия съезінде «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» жобалар ұсынылған болатын. Бүгінде ол бағытта жұмыстар басталып кетті. Бұл жобаларда елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, өңірлерді дамыту, ірі қалалардан бастап, елді мекендерді түлету шаралары қамтылған. 2019 жылы облысымызда жоба аясында іс-шараларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 3 669,4 млн. теңге бөлініп, облыс бойынша 6 елді мекен: Бәйдібек ауданы Бәйдібек ата елді мекені, Қазығұрт ауданы Қызылқия елді мекені, Отырар ауданы Қоғам елді мекені, Сарыағаш ауданы Береке елді мекені, Келес ауданы Абай және Кентау қаласы Ынтымақ елді мекендерін қаржыландыру жоспарлануда» , – деді Е.Садыр.

Жиында 23 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының кезекті ХІХ Съезіне қатысушы делегаттар сайланды.

ТАШКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК ӨҢІРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ТУРИСТІК АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

 Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан жылына орай, Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстанның бірлескен туристік кеңсесі жұмысын бастады. Бұл орталық Түркістан облысы мен Шымкент қалалық туризм басқармасының қолдауымен ашылып отыр.

Кеңседе туристік өнімдер бір ортақ брендпен біріктіріледі. Алдағы уақытта екі елдің туристік операторларының қатысуымен қос аймаққа шетелдік туристерді тарту жұмыстарын жүргізілетін болады.

Бүгінде Ұлы Жібек жолының ежелгі қалалары – Самарқанд, Хиуа, Бұхара, Ташкент, Шымкент, Түркістан және Таразға апаратын «Heritage of Uzbekistan and Kazakhstan» атты алғашқы туристік бағыт әзірленді. Бұл бастама Орталық Азияға арналған шенген визасын алудың баламасы. Сонымен қатар, «Ұлы Жібек Жолының» бірыңғай визасын жоспарлы түрде жүзеге асыру аясында көршілес екі елдің туристік әлеуетін дамытуға жақсы қолдау болмақ.

Айта кетерлігі, туристік ақпараттық орталық Өзбекстанда Қазақстан жылының салтанатты ашылуына орай өткізілген іс-шара аясында іске қосылды.

Page 1 of 35

Қазақстандағы цифрлық телевидение

images/Habarlandru/2.jpg

We have 20 guests and no members online

Байланыс желілері

Қазығұрт ауданы әкімі аппаратының байланыс желілері

 

Блог

Төлеген Тұртайұлы Телғараев 1973 жылы туылған, ...
Template Settings

Color

For each color, the params below will give default values
Blue Green Red Radian
Select menu
Google Font
Body Font-size
Body Font-family
http://www.zoofirma.ru/